Logo GenDocs.ru

Поиск по сайту:  

Загрузка...

Сабақ жоспары Тақырыбы: Грамматикалық жаттығулар Пәннің атауы: Қазақ тілін оқыту әдістемесі - файл


скачать (52.5 kb.)


«Щучинск қаласы, жоғары педагогикалық колледжі» ШЖК МКК

Сабақ жоспары

Тақырыбы: Грамматикалық жаттығулар

Пәннің атауы: Қазақ тілін оқыту әдістемесі

Дайындаған педагог: Жусупова Айсулу Гайсановна


  1. Жалпы мәліметтер:

Курс, топтар: 4 курс. Ш-41

Сабақтың түрі: аралас сабақ



  1. Сабақтың мақсаты мен міндеттері: сабақ беру барысында грамматикалық материалдарды тиімді пайдалануға шолу жасау. .

  2. Сабақтың барысы:

Грамматиканы оқытуда жаттығу жұмысының мәні зор. Оқушылар грамматикалық материалды оқулық пен бағдарламаға сай білгендерімен (терминдерді меңгереді, анықтамаларды индуктивтік жолмен есте қалдырады), жаттығу жұмыстары жүргізілмесе, ол ұзаққа бармайды, ұмытылып қалады. Сондықтан да мұғалім оқушыларға грамматикадан саналы да терең, тұрақты да берік білім бергісі келсе, жаттығу, дағдыландыру жұмыстарын жүргізу арқылы олардың дағдыларын қалыптастыратын және қалыптасқан дағдыны тілдің басқа да ұқсас құбылыстарына тасымалдай алатын (ережелерді жаңа фактілерге қолдана алатын) жаттығу әдістерін білуге тиіс. Жаттығу нәтижесінде оқушылар алған теориялық білімдерін практикада тез де дәл қолдана алу дағдысына ие болады. Жаттығу арқылы балалардың алған білімдері нығайтылып, нақтыланып қана қоймайды, сонымен қатар өз беттерімен жұмыс жасауға, ойлау қызметіне дағдыланады. Өйткені оқушылар жаттығу процесінде үздіксіз талдау-жинақтау жасайды, бір тұлғаны екінші тұлғамен салыстырады, абстракциялайды, жалпылайды, жаттығу арқылы білімін жүйелейді.

Грамматиқалық жаттығулар, оқушылардың, қандай тілдік материалмен жұмыс жасауына қарай, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және лексикалық болып бөлінеді.

Фонетикалық жаттығулардың міндеті — балалардың айтылған буындар мен дыбыстарды жақсы айыра алуын және оларды балалар дұрыс, анық айтып берулерін қамтамасыз ету.

Фонетикалық жаттығулар арқылы кейбір балалардың, жоғарыда көрсетілгендей, тілін тістеп сөйлеу, сақауланып сөйлеу, қайсыбір дыбысты қалдырып кетіп сөйлеу немесе «с» мен «ш», «р» мен «л», «ж» мен «з» сияқты дыбыстарды шатастырып айту кемшіліктері жойылады. Мұндай кемшіліктер оқуға да, жазуға да зиян келтіретіні сөзсіз.

Бастауыш сыныптарда фонетикадан берілетін мағлұматтар мен фонетикалық жаттығулар тек дұрыс жазу, емле үшін ғана пайдаланылып қоймайды, сонымен қатар балаларды әдеби тіліміздің нормасын сақтап оқуға үйрету үшін де (орфоэпия) пайдаланылады. Оқу сабақтарында, балалардың жауаптарында, әңгімелерінде байқалған орфоэпиялық қателер теріс айтылған сөздер түзетіліп, сөз ішіндегі, сөз шекарасындағы дыбыстардың құбылуы ескертіліп отырады. Сонымен қатар тілімізге басқа тілдерден енген термин сөздердің дұрыс айтылуы да практикалық жаттығулар арқылы үйретіледі.

Морфологиялық жаттығулардың мақсаты — ана тілінің морфологиялық құрылысын оқушыларға саналы түрде меңгерту. Мазмұны жағынан морфологиялық жаттығулар екі түрлі болады:

1) сөз тұлғасын оқу барысындағы жаттығулар,

2) сөз таптарын оқу барысындағы жаттығулар.

Сөз тұлғасын оқу барысындағы жаттығулардың сөздің морфологиялық құрамын, мағыналы бөлшектерін, морфемаларды саналы түрде меңгеріп алу үшін мәні зор. Сөздің морфологиялық құрамын талдау, көбінесе сол сөздің мәнін дұрыс ұғынып алуға жәрдем етеді, сөздің мағыналы әрбір элементі — түбір, жұрнақ, жалғау — бұлардың әрқайсысы өзінше сөзге мән береді, ал осы мәндердің жинағы бірігіп, сөздің жалпы мағынасын ту-дырады. Морфемаларды соның ішінде жұрнақты айыра білудің балалардың тілін жетілдіру үшін де зор мәні бар. Өйткені бұл жаңа сөздер жасауға және сол сөздерді орынды жерінде қолдана білуге мүмкіндік береді.

Сөз тұлғасына байланысты жүргізілетін жаттығуларға мынандай талаптар қойылады: 1) алдымен, мүмкіндігіне қарай, негізгі түбірлерді, онан әрі туынды түбірлерді, ең соңында түбірлес сөздерді талдайтындай жағдай жасалады, 2) белгілі бір сөздердің ішінен не­гізгі түбірді тапқызу үшін, сол негізгі түбірден жасалатын туынды сөздермен салыстыру жұмысы ескеріледі, 3) туынды сөздер мен негізгі түбірді ажырату барысын­да мағына жағына назар аударылады.

Сөз таптарын оқыту барысында жүргізілетін жатты­ғулар сөздерді белгілі бір топқа біріктіріп, жүйелеуге үйретеді. Бұл жөнінде К.Д.Ушинский: «Баланың тілі шығып, сана-сезімі өсе келе, ол сөйлеуге (сөздерді қолдануға) үйренеді; оның ақыл-ойында түрлі грамматикалық формалар, сөздер, күнделікті тәжірибе, үлгі арқасында өздігінен-ақ грамматикалық топтарға бөлініп, қалыптаса бастайды. Грамматиканың міндеті — сол тә­жірибе нәтижесін қорытып тілдегі құбылыс заңдарын жүйемен беру», — деген болатын.

Жаттығу жұмыстарының барысында оқушылар әр­бір сөз табының қасиетін, ерекшеліктерін саналы түсінеді, септік, көптік, жіктік, тәуелдік жалғауларын меңгереді, оларды жазбаша, ауызша сөйлегенде дұрыс, орынды қолдана алады.

Сөз табы бойынша жүргізілетін жаттығулар: 1) текстен керекті сөздерді тапқызу, 2) керекті сөздерді қосып, өздіктерінен сөйлемдер немесе әңгіме құрастыру, 3) сөздің мағынасын түсініп, сөйлемдегі қызметін байқату, 4) сөздердің лексикалық жағынан болсын, грам­матикалық жағынан болсын, қалай өзгеретінін, не арқылы өзгеретінін аңғарту, 5) мағына және тұлға жағынан қандай ұқсастық, айырмашылық, барын салыстыру арқылы анықтау, 6) ұқсас сөздерді топтату, 7) байқаған құбылыстары жөнінде жеке-жеке қорытындылар шығару сияқты жұмыстарды қамтиды.

Синтаксистік жаттығуларға әдетте пунктуациялық жаттығулар да қосылады: мәтіндегі қойылған тыныс белгілерін талдау, қойылмаған тыныс белгілерін қою, өздері қарастырған сөйлемдер мен мәтіндерге қажетті тыныс белгілерін қойып, түсіндіру.

Қорыта келгенде, оқушылардың алған білімін бекіту мақсатында жүргізілетін жаттьіғуларға жалпы мына сияқты талаптар қойылады:

Белгілі бір жаттығуды орындау үшін оқушылардың сол жаттығуды орындарлық білімі болуы шарт.
Оқушылар жаттығуды не үшін орындайтынына, оның қандай пайдасы барлығына түсінсе ғана, оны саналы орындайды. Жаттығуларды түсініп орындағанда ғана белгілі бір дағды қалыптасады.
Жаттығу оқушының қызығуын, ынтасын, ықыласын арттыруға тиіс. Ол үшін жаттығу түрлендіріліп берілуі шарт, өйткені бір сарынды жаттығу оқушылардың зейінін, қабылдауын, белсенділігін нашарлатады.
Жаттығулар кездейсоқ болмай, белгілі бір жүйемен орындалып отырылуы шарт.
Жаттығу жұмыстары тек таяуда ғана өтілген материалдарға негізделмей, бұрын өтілген кейбір материалдарды да қамтуы керек.
Бір жаттығу ұзақ уақытқа созылмауға тиіс. Әсіресе, балалардың жасы неғұрлым кіші болған сайын жат­тығу да қысқа уақытқа мөлшерленеді де, үнемі жиі-жиі қайталауға негізделген.
Шығармашылық жаттығулар көбірек болуы қажет.
Әр жаттығу оқушы еңбегінің нәтижесін көрсетіп отыруға тиіс.
Жаттығулар оқушы ойына әсер етуі жағынан анналитико-синтетикалық болғаны жөн: яғни грамматикалық

талдау, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер мен мәтіндер құрастыру; салыстыру арқылы ұқсастық пен ерекшеліктерді табу, топтау; өз пікірлерін дәлелдей алып, білгендерінен жалпы қорытынды шығара білу т. б.


Жаттығу жұмысының барысында оқушылардың оқудан алған білімдері бекіп, өз беттерімен жұмыс жасау дағдылары қалыптасады (яғни зейін қойып тыңдай білу, жатқа жаза білу, белгілі бір жоспар бойынша сөздерді құрамына, сөз табына, сөйлем мүшелеріне талдау, сұрақ қоя білу, қажетті деректерді оқулықтан, сөздіктен қарап таба алу).

Сұрақтар мен тапсырмалар:



Сабақ барысын қысқаша көшіру

Сұрақтарға жауап беру:

1. Оқушыларға грамматикадан саналы білім беріп, қажетті дағды қалыптастыруда жаттығу жұмыстарының маңызы қандай?

2. Жаттығудың қандай түрлері бар?

3. Жаттығудың әр түріне сипаттама беріңіз.



4. Жаттығу жұмыстарына қандай талаптар қойылады?


Скачать файл (52.5 kb.)

Поиск по сайту:  

© gendocs.ru
При копировании укажите ссылку.
обратиться к администрации